Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразованың шығармашылық зертханасы
Бүгін, 2018 жылдың 5-желтоқсанында Алматы қаласы Білім басқармасының Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығында Алматы қаласының білім беру жүйесіндегі жаңа тұрпатты құрылым – Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразованың шығармашылық зертханасының ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге көп жылдар ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары, министрі, Сенат депутаты болған Шамша Көпбайқызы Беркімбаева, көп жылдар ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары, Тәуелсіз Қазақстанның Түркиядағы алғашқы өкілетті елшісі болған Жантілеу Нұршаұлы Әзизханов, Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Гүлнар Махақызы Ходжабергенова қатысты.
Аягүл Төреқызы Миразованың шығармашылық зертханасы аясында өзі төрағалық ететін Алматы қаласы Білім басқармасы жанындағы Директорлар кеңесі жұмыс істейді. Сонымен бірге, мектеп басқаруға талаптанған жас директорлар Білім беру жүйесінің менеджері мектебінде дәріс алады. Бұл мектепте қаламыздың әрбір білім беру ұйымының шығармашылық ұжымы өз ұйымының даму тұжырымдамасы мен даму бағдарламасын, оны жүзеге асыру жоспарын дайындаумен айналысады.